Қазақстандық компаниялар 2025 жылдың қорытындысы бойынша шетелге 1,142 млрд долларлық IT-қызметтер сатты. Салыстырсақ, 2019 жылы бұл саладағы экспорт небәрі 30 млн доллар еді. Бұл деректерді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жеті жылдағы өзгерістер шолуында келтірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Жеті жыл ішінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан ауқымды цифрлық трансформациядан өтіп, технологиялық дамудың жаңа кезеңіне шықты», — деді ведомство.
IT-экспорттың жалпы сомасының 633 млн доллары Astana Hub резиденттеріне тиесілі. Министрлік сондай-ақ ғарыш технологиялары экспорты нөлден 70 млн долларға дейін өскенін мәлімдеді. Ведомство бұл көрсеткіштерді ел ішіндегі қызметтерді цифрландырудан сыртқы нарықтарға технология сатуға көшу деп бағалайды.
Министрліктің дерегінше, 2019–2026 жылдары халықтың интернетпен қамтылуы 84%-дан 98%-ға өсті. Орташа жылдамдық 21-ден 88–94 Мбит/с-қа дейін артты. Елде 5G байланысы да енгізілуде.
Осы кезеңде цифрландырылған мемлекеттік қызметтердің үлесі 80%-дан 91%-ға көтерілді. Бұл ретте цифрлық госқызметтердің 96%-ы смартфон арқылы қолжетімді. БҰҰ-ның электрондық үкімет рейтингінде Қазақстан 193 елдің ішінде 39-орыннан 24-орынға көтерілді.
Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу ауқымы да өзгерді: оның көлемі 13,3 трлн теңгеден 186,3 трлн теңгеге — шамамен 14 есе өсті, деп есептеді министрлік.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда жасанды интеллекттің көлік құрастыруын қадағалай бастағаны туралы жазған болатын.


