Қазақстан Оңтүстік Кореяның заңды жұмысқа орналастыру жүйесіне ресми түрде қосылды. Бұл қазақстандықтарға 2028 жылдан бастап осы елде ресми жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Корей тарапының шешіміне сәйкес, Қазақстан E-9 жүйесіне енгізілген 18-ші ел болды. Қазіргі уақытта бұл тізімге Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Тайланд, Индонезия, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш, Шығыс Тимор, Непал, Мьянма және Лаос кіреді. Орталық Азиядан Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да бар.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлі де бірқатар ұйымдастыру шараларын аяқтау қажет екенін атап өтті. Оның ішінде үкіметаралық өзара түсіністік туралы меморандум жасасу және Қазақстанда корей тілінен тестілеу өткізу үшін EPS-TOPIK орталығын құру бар. EPS-ке қатысу қазақстандықтарға бейресми делдалдар арқылы емес, ресми жүйе арқылы іріктеуден өтуге мүмкіндік береді.
Оңтүстік Кореяда жұмыс алу үшін үміткерлер бірнеше кезеңнен өтуі керек, оның ішінде тілдік тестілеу, кәсіби дағдыларды бағалау және медициналық тексеру бар. Дегенмен, министрлік ресми рәсім басталғанға дейін «Кореяда кепілді жұмысқа орналастыруды» немесе іріктеуден жедел өтуді уәде ететін делдалдарға ақша аударуға болмайтынын ескертті.
«Тіркелу мерзімдері, үміткерлерге қойылатын талаптар, тестілеу тәртібі және басқа да кезеңдер туралы барлық ақпарат азаматтарға министрліктің ресми көздері арқылы жеткізіледі», — деп түйіндеді ведомствода.


