Қазақстанда 2026 жылғы 11 қазаннан бастап байланыс операторларының киберқауіпсіздік инциденттерін анықтау кезіндегі әрекеттерін реттейтін жаңа ережелер күшіне енеді. Кейбір жағдайларда абонентке алдымен қауіпті жою туралы SMS жіберіледі, ал мәселе 48 сағат ішінде шешілмесе, оператор құрылғының интернетке қосылуын шектей алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Нақты негіздер мен әрекет тәртібі жаңа нормативтік құжатпен айқындалады. Толық талаптар Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің 2026 жылғы 24 қыркүйектегі № 569/НҚ бұйрығында жарияланған. Жаңа тәртіп 2026 жылғы 11 қазаннан бастап қолданысқа енеді.

Құжатқа сәйкес, байланыс қызметтерін тоқтата тұру мәселесін қараудың негізі — байланыс желілерінің жұмысын бұзатын не киберқауіпсіздікке қауіп төндіретін инцидент туралы ақпарат.

Мұндай мәліметтер киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығынан немесе Киберқауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығынан (КҰҮО) келуі мүмкін.

Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету орталықтары желілерге тәулік бойы мониторинг жүргізуге міндетті. Инцидент анықталса, КҰҮО тиісті ақпаратты 24 сағат ішінде байланыс операторына және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығына жібереді.

Сонымен қатар интернетке қосылуды шектеу үшін абонентпен өзара іс-қимылдың белгілі бір тәртібі қарастырылған.

Байланыс операторы абоненттік құрылғының интернетке қосылуын екі жағдайда шектеуге міндетті:

Біріншісі — абонент оператор анықтаған, қызметтерді тоқтата тұруға негіз болатын инциденттерді жоймаса.

Екіншісі — оператор КҰҮО-дан немесе ден қою қызметтерінен аса маңызды цифрлық объектілерге қауіп төндіретін инциденттер туралы ақпарат алса.

Қосылуды шектеудің алдында абонентке анықталған инцидентті жою туралы SMS-хабарлама жіберілуге тиіс. Хабарлама жіберілгеннен кейін пайдаланушыға мәселені шешу үшін 48 сағат беріледі.

Осы мерзім өткен соң инцидент жойылмаса, оператор интернетке қосылуды шектей алады.

Осылайша, жаңа ережелер қауіп анықталған соң пайдаланушыны бірден ажыратуды емес, кезең-кезеңімен жүргізілетін тәртіпті көздейді: инцидентті анықтау, абонентті хабардар ету және оған мәселені шешу үшін 48 сағат беру.