Қазақстандықтар Малайзияға кіру кезінде жиі бас тартуға тап болуда. Себептерін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Усенов айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жанболат Усеновтің айтуынша, Қазақстан азаматтарының Малайзияға кіруіне жиі бас тарту визасыз режим шарттарын сақтамаумен байланысты. Ол қазақстандықтар туристік мақсатта Малайзияда визасыз 30 күнге дейін бола алатынын еске салды.

«Дегенмен, кейбір азаматтар бұл режимнің шарттарын бұзып, елге ұзақ мерзімге немесе өзге мақсаттармен, оның ішінде қысқа мерзімді оқу курстарынан өту немесе емделу үшін кіреді», — деді ҚР СІМ ресми өкілі.

Ол 30 күндік мерзімді айналып өту үшін «визаран» (visa run) деп аталатын әдіс қолданылатынын айтты: бұл — көрші мемлекетке қысқа уақытқа шығып, 30 күндік мерзімді жаңарту үшін Малайзияға дереу қайта оралу.

«Елде болу мерзімін ұзартудың мұндай тәсілі елдің иммиграциялық заңнамасын бұзу болып табылатынын және елге қайта кіруге кепілдік бермейтінін ескертеміз. Биыл Малайзия билігі шекаралық бақылауды күшейтті. Шетел азаматын ел аумағына кіргізу туралы шешімді Малайзияның иммиграциялық органдары тікелей паспорттық бақылаудан өту кезінде қабылдайды. „Визаран“ жасау әрекеті кезінде азамат ұсталып, әуежайдағы иммиграциялық орталыққа орналастырылып, кейін Малайзиядан депортациялануы мүмкін», — деп ескертті Усенов.

ҚР СІМ азаматтарды визасыз болудың белгіленген мерзімдері мен шарттарын қатаң сақтауға, иммиграциялық талаптарды алдын ала нақтылауға және сапар мақсатын ескеруге шақырады.

«Иммиграциялық бақылаудан өту кезінде сапардың нақты мақсатын көрсету және заңды болудың белгіленген мерзімдері ішінде елден кейінгі ұшуға алдын ала сатып алынған әуебилеттерді, сондай-ақ сапардың мақсатын, орнын және болжамды мерзімін растайтын құжаттарды өзіңізде міндетті түрде болуы қажет», — деді ведомство өкілі.

Жанболат Усенов тілдік және өзге де білім беру бағдарламаларынан өту үшін балалармен шетелге шығатын азаматтарға ерекше назар аудару керектігін атап өтті, өйткені бұл тиісті рұқсаттарды ресімдеуді талап етуі мүмкін.