ОПЕК+ құрамындағы жеті ел қазан айында мұнай өндіру көлемін қыркүйектегі жоспар деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы 6 қыркүйекте өткен виртуалды кездесуде белгілі болды, деп хабарлайды ұйымның сайты.

Кездесуге Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман өкілдері қатысты. Бұған дейін бұл елдер 2023 жылдың сәуірінде және қарашасында қосымша ерікті түзетулер жасайтындарын мәлімдеген болатын.

«6 қыркүйекте ОПЕК+ құрамындағы жеті ел — Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман — әлемдік нарықтың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылау үшін виртуалды кездесу өткізді. Жеті ел 2026 жылғы қыркүйектегі жоспарды орындау үшін қажетті өндіріс көлемін қазан айында сақтау туралы шешім қабылдады», — делінген хабарламада.

Осылайша, қазан айында келісімге қатысушылар қыркүйектегі жоспарда көзделген өндіріс деңгейін ұстануды жалғастырады.

Қыркүйекте Қазақстан мұнай өндіруді тамызбен салыстырғанда тәулігіне 10 мың баррельге арттырды. Өндіріс көлемі тәулігіне 1,628 млн баррельді құрады.

Жеті мемлекет ынтымақтастық туралы декларацияны толық сақтауға ұжымдық міндеттемелерін растады. Қатысушылар әлемдік мұнай нарығының жай-күйі мен перспективаларын бағалау үшін ай сайын кездесулер өткізуді жалғастырады. ОПЕК+ құрамындағы жеті елдің келесі кездесуі 4 қазанға жоспарланған.