Қазақстан Қытай тарапының қазақстандық астық пен майлы дақылдарды, оның ішінде стратегиялық қор қалыптастыру үшін сатып алу көлемін арттыруды ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде хабарлағандай, бұл мәселе вице-министр Назгүл Хатепованың ҚХР Мемлекеттік азық-түлік және материалдық резервтер басқармасының басшысы Лю Хуаньсинмен кездесуінде талқыланды. Іс-шара Қазақстанның 8-ші Қытай астық саудасы конференциясына қатысуы аясында өтті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің тауар айналымы 36,8%-ға өсіп, 1,97 миллиард АҚШ долларына жетті.

«Қытай — Қазақстанның АӨК саласындағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Географиялық жақындық, экономикалардың өзара толықтырылуы және азық-түлікке сұраныстың тұрақты өсуі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды», — деп атап өтті Назгүл Хатепова.

Қазақстан тарапы сондай-ақ өзара жеткізілімдер тізбесін кеңейтуді ұсынды. Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу қуаттарын салуға қытайлық инвестицияларды тарту перспективалары, сондай-ақ агрологистиканы дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұсыныстар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға және екі елдің тиісті мемлекеттік органдары мен іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға келісті.

Сонымен қатар, Назгүл Хатепова Қытайдың Хунань провинциясының губернаторы Мао Вэйминмен кездесу өткізіп, онда азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Қытай тарапы Қазақстан мен Хунань провинциясы арасындағы ғылыми-техникалық өзара іс-қимылды кеңейту және тәжірибе алмасуды ұсынды.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын белгілеген болатын.