Қазақстан өз аумағында шетел мемлекеттерінің деректерін орналастыруға мүмкіндік беретін ауқымды жобаны жүзеге асыруға дайындалуда, деп хабарлайды infohub.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» (Data Center Valley) жобасының іске асу қарқынына арналған кеңес өткізді. Қазіргі уақытта қуаты 50 МВт болатын алғашқы нысанның құрылысы белсенді кезеңде. Жыл соңына дейін деректер орталығы мен энергоблоктардың негізгі корпустарын, әкімшілік-тұрмыстық кешенді, бақылау-өткізу пункттерін және сыртқы инженерлік желілердің бір бөлігін салу жоспарлануда. Іске қосу жұмыстары 2027 жылдың мамырында аяқталып, нысан 2027 жылдың маусымында пайдалануға беріледі.

Үкіметтің мәліметінше, бұл жоба халықаралық гиперскейлерлердің деректерді өңдеу орталықтарын, AI-фабрикаларды, GPU-кластерлерді және бұлттық платформаларды орналастыруға арналған масштабталатын алаң болып табылады. Оны іске асыру Қазақстанда цифрлық экономиканың экспортқа бағытталған жаңа секторын құрып, отандық жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге арналған IT-инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.

«Data Center Valley Қазақстанның жаңа экспорттық әлеуетін қалыптастырады. Есептеу қуаттарын ел ішінде орналастыра отырып, біз отандық AI-шешімдерді дамытуға, жаһандық компанияларды тартуға және Қазақстанның халықаралық цифрлық қызметтер нарығына шығуына жағдай жасаймыз», — деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

Жоба аясында қосымша IT-қуаттарды құру үшін бірқатар шетелдік компаниялармен ынтымақтастық пысықталуда. Келіссөздер жаңа инвесторлар мен якорь клиенттерді тартуды, жоғары өнімді есептеу кластерлерін орналастыруды және бұлттық қызметтерді дамытуды қамтиды.

Сонымен қатар, елде Cloud First Policy (Data Embassy) жобасына дайындық жүріп жатыр. Бұл жоба Қазақстанда шетел мемлекеттерінің деректерін олардың толық заңды егемендігін сақтай отырып орналастыру мүмкіндігін қарастырады.