Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Қошербаев Румыния СІМ басшысының міндетін атқарушы Оана Цойумен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар Каспий құбыр консорциумының (КТК) жұмысына қауіп төндіретін кез келген әрекетті айыптады, деп хабарлайды infohub.kz.

Әңгіме барысында екіжақты қатынастар үшін стратегиялық маңызы бар энергетикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Сұхбаттастар қазақстандық мұнайдың әлемдік нарыққа экспортын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын КТК айналасындағы жағдайды талқылады.

Тараптар энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысының стратегиялық маңыздылығын және еуропалық нарыққа көмірсутектердің сенімді жеткізілуін атап өтіп, КТК инфрақұрылымының жұмысына және энергия жеткізу қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген әрекетті айыптады.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан мен Румынияның энергетика саласындағы практикалық өзара іс-қимылын одан әрі дамытуға өзара қызығушылықтарын атап өтті. Оана Цойу Ермек Қошербаевты Румынияға ресми сапармен келуге шақырды.