Жаңа оқу жылы қарсаңында қазақстандық мектептер оқушылардың тамақтануын ұйымдастыруға қойылатын жаңартылған талаптарды енгізуге дайындалуда. Білім беру ұйымдарының дайындығы мен жаңа стандарттың сақталуы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сархат Бейсенова айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бейсенованың айтуынша, қазіргі уақытта оқушылардың тамақтануының сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты күшіне енеді. Ол тағамдардағы қант мөлшерін 3,6 есеге, тұзды 5 есеге азайтуды көздейді. Сондай-ақ көкөністер, жемістер және сүт өнімдерінің үлесі артады, ал мәзірден шұжық өнімдері, ысталған ет, спредтер және құрамында қант пен тұз көп басқа да өнімдер толығымен алынып тасталады. Құрамында қант бар сусындар мен шырындар су, сүт және ашытылған сүт сусындарымен ауыстырылады.

Бұл өзгерістердің басты мақсаты — балалардың салауатты тамақтану рационын қалыптастыру және семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да созылмалы аурулардың даму қаупін азайту.

Бұған дейін биылғы жылдың маусым айында санитарлық дәрігерлер отандық мектептерде ауқымды тексеру жүргізіп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың әртүрлі бұзушылықтарын анықтағаны хабарланған болатын. Олардың көпшілігі — 2087-і — мектептердің ас блогтарынан табылған. Атап айтқанда, асханалардың қанағаттанарлықсыз санитарлық-техникалық жағдайы, сондай-ақ ас блоктарының технологиялық және тоңазытқыш жабдықтармен нашар жарақтандырылуы анықталды. Мұндай бұзушылықтардың ең көп саны Түркістан облысында (259), Қарағанды облысында (163), Алматыда (123) және Қызылорда облысында (115) тіркелді.