Қазақстанда су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан су дипломатиясы департаменті құрылды. Ведомствоны 34 жастағы Данияр Шәріп басқарады, деп хабарлайды infohub.kz.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа бөлімше елдің су дипломатиясы саласындағы жүйелі әрі дәйекті жұмысын қамтамасыз етуге арналған. Департамент Қазақстанның трансшекаралық су объектілері бойынша тұрақты жұмыс істейтін мемлекетаралық комиссияларға қатысуын үйлестіреді, әріптес мемлекеттермен келіссөз процесін сүйемелдейді, сондай-ақ су саласындағы мемлекетаралық келісімдерді дайындау мен іске асырумен айналысады.

Данияр Шәріп 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Гидрология» мамандығы бойынша және Каспий қоғамдық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану және дамыту басқармасында эксперт міндетін атқарушы болып бастаған. Кейін эксперт және бас эксперт болып жұмыс істеген.

2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі Трансшекаралық өзендер департаментінің Трансшекаралық өзендер басқармасының бас эксперті қызметін атқарған. 2019-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Трансшекаралық өзендер департаментінің Трансшекаралық өзендер басқармасының бас эксперті, кейін басқарма басшысы болған.

2023-2024 жылдары Қазақстан Республикасы Үкімет аппаратының бас инспекторы қызметін атқарған. 2024 жылдан бастап қазірге дейін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, кейін директоры болып жұмыс істеуде.