Қазақстанда жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік гранттарға конкурсқа өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ғылым және жоғары білім министрлігінде атап өткендей, әкімдіктер жыл сайын өңірлер үшін сұранысқа ие және басым бағыттар бойынша кадрлар даярлауға гранттар бөледі.
Биыл жергілікті атқарушы органдар бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша оқуға 2 392 білім грантын бөлді. Гранттардың өңірлер бойынша бөлінуі мынадай: Астанада — 303 грант, Шымкентте — 285 грант, Шығыс Қазақстан облысында — 270 грант, Батыс Қазақстан облысында — 211 грант, Абай және Түркістан облыстарында — 200 гранттан, Ақмола облысында — 199 грант, Қарағанды облысында — 198 грант, Атырау облысында — 187 грант, Маңғыстау облысында — 163 грант. Қалған өңірлер шамамен 100 гранттан бөлді.
Ведомство түсіндіргендей: «Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтінім беруі қажет. Өтінімге білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ жеңілдіктерге құқығын растайтын құжаттар (бар болса) қоса беріледі».
Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдар мен жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болатыны айтылған. Білім гранттарын беру туралы шешімді тиісті әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.
Жоғары оқу орындарына түсу үшін құжаттарды қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.
Еске салайық, кеше Қазақстанда білім гранттарын алғандардың ресми тізімі жарияланған болатын. Онымен сілтеме арқылы танысуға болады. Содан кейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақстандық талапкерлердің грант конкурсындағы жеңісіне реакцияларының іріктемесі бар бейнеролик жариялады. Ал ведомство басшысы грантқа іліне алмағандардың ата-аналарына үндеп, әке-шешелерді балаларын қолдауға шақырды.


