Қазақстандағы тұрмыстық қызмет нарығына жасалған талдау 15 санаттың 8-інде қызмет көлемінің күрт төмендегенін көрсетті. Ресми статистика шаштараздар, сұлулық салондары, груминг және басқа қызметтерге сұраныстың азайғанын тіркейді, алайда сарапшылар мұны бизнестің көлеңкеге кетуімен байланыстырады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ерлер және балалар шаштараздарының қызмет көлемі небәрі 6,3 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 5,5 есе аз. Мұндай елеулі құлдырауды тек тұтынушылық әдеттердің өзгеруімен түсіндіру қиын.
Басқа сегменттерде де осындай жағдай: неке агенттіктерінің қызмет көлемі 195 есе, ақылы дәретханалардікі — екі есе, сұлулық салондарынікі — 42,9%-ға, груминг-салондардікі — 49 есе (4,1 млрд теңгеден 83 млн теңгеге дейін) қысқарған.
Косметологиялық қызметтер, маникюр және педикюрдің көпжылдық динамикасы да күмән тудырады: 2025 жылы бұл қызметтердің көлемі 2022 жылғы деңгейден үш есе төмен, алайда қазақстандықтар оларды тұтынудан күрт бас тартты деп айту екіталай.
Сарапшылардың пікірінше, кәсіпкерлердің бір бөлігі көлеңкелі секторға кеткен. Бұған 2025 жылы жеке кәсіпкерлерге салық жүктемесінің артуы дәлел: әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі 3,5%-дан 5%-ға, міндетті зейнетақы жарналары 1,5%-дан 2,5%-ға өсті, бұл міндетті төлемдердің ең төменгі мөлшерінің өсуіне әкелді.


