Қазақстан Көлік министрлігі жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізу жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды. Жаңа ережелер қызмет көрсетуді жетілдіруге және жолаушылар құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды infohub.kz.

Ұсыныстардың бірі музыкалық аспаптарды тасымалдауға қатысты. Оларды ұшақ салонында қол жүгі ретінде, жеке жолаушы орнында немесе тіркелген багаж ретінде белгіленген талаптарды сақтай отырып тасымалдауға рұқсат беру жоспарлануда. Атап айтқанда, домбыра мен қобыз сияқты аспаптарды салонда берік қорғаныш қабында тасымалдау мүмкіндігін бекіту ұсынылады. Бұл ретте аспаптардың өлшемдері 110×35×30 см-ден, салмағы 10 кг-нан аспауы тиіс.

Тағы бір өзгеріс жануарларды тасымалдауға қатысты: құжат бойынша, оларды әуекомпаниялар белгілеген шарттармен ұшақ салонында тасымалдауға болады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар жолаушыларға әуе тасымалы бойынша жеңілдіктерді заң жүзінде бекіту ұсынылады.

Егер ұшақтың орнына сыйымдылығы аз әуе кемесі қойылса, отырғызу кезінде кәмелетке толмағандарға, мүгедектігі бар адамдарға, ауыр науқастарға, жүкті әйелдер мен зейнеткерлерге басымдық беру жоспарлануда.

Жолаушылар құқығын қорғауды күшейту мақсатында жоба жолаушыны жеткізу кешіктірілгені үшін айыппұлды төлеудің нақты мерзімін — тиісті өтініш берілген күннен бастап 10 күнтізбелік күннен асырмауды белгілеуді ұсынады. Сондай-ақ, тасымалдаушының кінәсі дәлелденген жағдайда, тіркелмеген багаждың зақымдалуы үшін әуекомпаниялардың жауапкершілігін қарастыру жоспарлануда.

Нормативтік құқықтық актінің жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған, онда барлық ниет білдірушілер құжатпен танысып, өз ұсыныстары мен ескертулерін қалдыра алады.