Екі елдің құқық қорғау органдары бірлесіп жүргізген арнайы операция кәмелетке толмаған жасөспірімді ұстаумен аяқталды: ол Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде теракт жасау туралы көрінеу жалған хабарлама таратқан деп күдікке ілінді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 26 тамызда Украинаның Сумы қаласында кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Іс-шаралар Қазақстан ІІМ мен Украина киберполициясының өзара іс-қимылы барысында өтті.
Тінту кезінде ұялы телефондар, планшеттер, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленді. Электрондық құрылғылардан цифрлық дәлелдер, соның ішінде пайдаланылған аккаунт, жіберілген хабарламаның мәтіні және басқа да мәліметтер табылды.
Қазіргі таңда тәркіленген техниканы талдау жүргізіліп жатыр, ол ықтимал сыбайластарды анықтау және ұсталған адамның осыған ұқсас фактілерге қатысын тексеру үшін қажет, делінген ведомство хабарламасында.
Украинаның құзыретті органдарымен одан әрі процестік шешімдер қабылдау мәселесі бойынша өзара іс-қимыл жалғасып жатқаны атап өтілді.
Қазақстан ІІМ еске салады: миналау, терроризм, адам кепілге алу және өзге де қауіпсіздікке төнетін қатерлер туралы жалған хабарламалар — ойын емес. Мұндай әрекеттер ауыр құқықтық салдарға әкеп соғады. Ата-аналарға балаларға интернетте қауіпсіз және жауапты мінез-құлық ережелерін түсіндіру, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күдікті белсенділікке назар аудару ұсынылады, деп ескертті полицияда.
Бұған дейін Қостанайда жасөспірім дайындалып жатқан теракт туралы жалған хабарлама үшін жауапкершілікке тартылып, оған шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны хабарланған болатын.


