Қазақстан, Украина және Чехия полициясы интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобын жойды, деп хабарлайды infohub.kz.
ҚР ІІМ департамент бастығы – ресми өкілі Шыңғыс Әлекәшевтің айтуынша, киберқылмысқа қарсы күрес аясында ІІМ қызметкерлері интернет-алаяқтыққа шетел азаматтарының қатысы бар екенін анықтаған. Қызметтік іссапар барысында Украина Ұлттық полициясы және Чехия полициясымен бірлесіп, екі трансұлттық қылмыстық топтың әрекетіне жол берілмеді.
Запорожье қаласында алаяқтардың екі колл-орталығы жойылды. Қылмыскерлер өздерін банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілі ретінде таныстырып, қазақстандықтарға қоңырау шалып, олардың шоттарының деректерін алдап алған. 9 адам ұсталды. Тінту кезінде 17 компьютер, 62 ұялы телефон, сондай-ақ 35 грамм «метадон» препараты тәркіленді.
Одесса қаласында алаяқтардың үш колл-орталығы жойылды. Олар ірі инвестициялық жалған компанияларға ақша салу сылтауымен интернет-алаяқтықпен айналысқан. Мұнда 23 адам ұсталып, оның 9-ы уақытша ұстау изоляторына қамалды. 8 автокөлік, 58 ноутбук, 52 смартфон, 100-ден астам сим-карта, сондай-ақ 200 мың АҚШ долларынан астам сомадағы цифрлық активтер тәркіленді.
«Қазіргі уақытта тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасуда», — деді Шыңғыс Әлекәшев.


