Ауа райының тұрақсыздығы Қазақстанның басым бөлігінде сақталады, деп хабарлайды infohub.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

«Казгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 29 сәуірде найзағай ойнап, жаңбыр жауатынын, ал оңтүстік-шығыс таулы аймақтарында жаңбыр мен қар жауатынын мәлімдеді.

«Тек оңтүстік-батыс, солтүстік-батыс және орталық аймақтарда антициклон тармағының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы болады. Республика бойынша жел күшейеді, батыс пен солтүстікте бұршақ, оңтүстік-батыс пен оңтүстікте дауыл мен шаңды дауыл, оңтүстік-шығыста тұман күтіледі», — деп Исмагулованың сөзін келтіреді Kazinform агенттігінің тілшісі.

Алина Исмагулова тағы да түнде шығыста, Жамбыл облысының таулы аймақтарында ауа температурасы -2 градусқа дейін төмендеп, аяз болатынын айтты.

Маңғыстау облысының басым бөлігінде, Қызылорда облысының орталығы мен оңтүстігінде, Түркістан облысының солтүстігінде, Атырау облысының оңтүстігінде, Жетісу облысының солтүстігінде, Абай облысының оңтүстігінде және Қарағанды облысының оңтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталуда.