АҚШ-тың Юджин қаласында (Орегон штаты) жастар арасындағы жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Бұл додаға қазақстандық спортшылар қатысты. Диск лақтырушы Максим Сажнев финалда 11-орынға табан тіреді. Ол алғашқы әрекетінде 59,85 метр нәтиже көрсетті, деп хабарлайды infohub.kz.
17 жастағы Сажнев келесі екі әрекетін сәтсіз аяқтап, іріктеудегі нәтижесін (61,37 метр) жақсарта алмады. Бұл көрсеткіш Қазақстанның жастар арасындағы рекорды болып табылады. Алайда, осы нәтижемен де ол тек 10-орынға көтерілер еді. Финалда 13 қатысушының бесеуі жеке рекордтарын жаңартты. Ал америкалық Симон Росселли турнир рекордын (66,39 метр) көрсетіп, алтын медальға ие болды. Күміс жүлдені эстондық Стен-Эрик Иир (65,42), қоланы ямайкалық Джозеф Ричард Салмон (64,37) жеңіп алды.
Осылайша, іріктеуден өтіп, финалға шыққан екі қазақстандық та 11-орынға тұрақтады. Бұған дейін сырықпен секіруші Анна Черкашина да 11-орын алып, елдің жастар арасындағы рекордын жаңартқан болатын (4,10 метр).
Жалпы, Юджиндегі әлем чемпионатында Қазақстан атынан іріктеу нормативтерін орындаған 11 жеңіл атлет өнер көрсетті. Бұл — 2008 жылдан бері ең көп құрам. Сол жылы Польшаның Быдгощ қаласында өткен турнирде 12 спортшы бақ сынаған еді. Салыстыру үшін, екі жыл бұрын Перу астанасы Лимада бес қазақстандық болса, 2022 жылы Колумбияның Кали қаласында төртеуі ғана қатысқан.
Қазақстан жастар арасындағы әлем чемпионаттарына 1994 жылдан бері жеке командамен қатысып келеді. Осы уақыт ішінде біздің спортшылар қатарынан 16 турнирге қатысты, алайда әлі бірде-бір рет жүлделі орынға көтерілген жоқ.


