Қазақстанда жаңа қытайлық банк — China Construction Bank пайда болуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚРДА) төрайымы Мәдина Әбілқасымова банктің инвестициялық жобаларға қатысу үшін лицензия ала алатынын, өйткені қазақстандық компаниялар Қытайдан қаржыландыруға үлкен сұраныс білдіріп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әбілқасымова China Construction Bank-тің «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген еншілес ұйымы бар екенін, яғни іс жүзінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрғанын түсіндірді. Алайда АХҚО-да жұмыс істейтін банктердің шектеулері бар: олар халық пен бизнестің ұлттық валютадағы депозиттерімен тікелей жұмыс істей алмайды, бірақ синдикатталған қарыздарды тартуға қатыса алады. Бұл өзгерістер екі жыл бұрын қабылданған болатын, қазір China Construction Bank осындай қарыздарға бірлескен қытай-қазақстандық жобалар бойынша қатысып жүр.
«Сонымен қатар банк Қазақстан аумағында басқа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, несие қызметін кеңейтуге үлкен қызығушылық білдіруде. Ұлттық банкпен бірге Қытайға жақында жасаған сапарымыз барысында олар да әртүрлі жобаларды қаржыландыруды кеңейтуде, қызметін дәл Қазақстан аумағында кеңейтуде үлкен перспектива көріп отырғандарын жеткізді. Ол үшін оларға АХҚО аумағында емес, біздің юрисдикцияда тиісті лицензия қажет. Біз кездесулер өткіздік, қызығушылық білдірілді, бірақ шешімді банктің өзі қабылдайды», — деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
ҚРДА басшысының айтуынша, реттеуші China Construction Bank-ке банктік лицензия алуға жәрдемдесуге дайын, өйткені елде кез келген жаңа инвестиция құпталады.
Әбілқасымова Қазақстанда үш қытайлық банк жұмыс істеп тұрғанын еске салды: ICBC (сауда-өнеркәсіп банкі), Bank of China және Altyn Bank-тің негізгі акционерлерінің бірі болып табылатын China CITIC Bank. Олардың Қазақстанда бірлескен жобаларды қаржыландыруға және сауданы қаржыландыруға бағытталған айтарлықтай үлкен портфелі бар. Мысалы, ICBC юаньмен жасалатын мәмілелер бойынша клирингтік банк болып табылады.
«ICBC соңғы екі жылда ғана несие портфелі мен қаржыландыру көлемін 500 млрд теңгеге ұлғайтты — бұл Қазақстан аумағындағы несиелік және қарыздық қаржыландыру. Олар панда-облигацияларды орналастыруға және сатып алуға қатысады. Жалпы, азиялық-қытайлық бағыт қазір өте белсенді дамып келеді, ал қаржыландыру мен ресурстарды тарту құны әлдеқайда төмен. Сондықтан біз компаниялар тарапынан, ең алдымен жергілікті компаниялар тарапынан панда-облигацияларды орналастыруға және азиялық нарықтардан қаржыландыруды тартуға үлкен сұраныс көріп отырмыз», — деп атап өтті Әбілқасымова.
Бұған дейін China Construction Bank (CCB) — Қытайдың ірі банктерінің бірі — Қазақстанда еншілес банк құру мүмкіндігін қарастырып жатқаны хабарланған болатын.


