Қазақстан қалған әлемге қарағанда шамамен екі есе жылдам жылынып жатыр: 1976–2025 жылдары елдегі орташа жылдық ауа температурасы әр он жылда орта есеппен +0,40°C-қа өсті, ал жаһандық көрсеткіш сол кезеңде небәрі +0,18–0,20°C шамасында болды. Бұл туралы «Қазгидромет» синоптиктері мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның дерегінше, 1980 жылдардан бастап әр онжылдық 1850 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан аспаптық бақылау тарихындағы алдыңғы кезеңдердің кез келгенінен жылы болып отыр. 2006–2025 жылдар аралығы бақылау тарихындағы ең жылы жиырма жылдық кезең деп бағаланады.

Алайда жылыну қарқыны планета бойынша біркелкі емес: кейбір аймақтарда температура қарқындырақ көтеріледі. Қазақстан дәл сондай аумақтарға жатады. 2025 жыл елде 1941 жылдан бергі бақылау кезеңіндегі ең жылы жыл болды. Орташа жылдық ауа температурасының 1961–1990 жылдардағы климаттық нормаға қатысты ауытқуы +2,96°C-қа жетті.

«Қазақстан Еуразия құрлығының орталығында, әлемдік мұхиттан қашық жерде орналасқандықтан, оның климаты күрт континенттік сипатқа ие. Мұхиттардың әлсіз реттеуші әсері мен континенттік климаттың ерекшеліктері ел аумағында жылынудың неғұрлым айқын көрінуіне ықпал етеді», — деп түсіндірді «Қазгидрометте».

Сонымен қатар Қазақстандағы жылыну қарқыны аймаққа және маусымға қарай да әртүрлі.

Бұған дейін «Курсив» Астана, Алматы және Шымкентте қазан айының басы жаңбыр мен найзағай әкелетінін жазған. Ең қиын ауа райы Шымкентте күтіледі, онда қатты жаңбыр, бұршақ және жылдамдығы 20 м/с-қа жететін жел болжанып отыр. Астанада жылы әрі құрғақ 30 қыркүйектен кейін күндізгі температура +15…+17°C-қа төмендейді.