Тәжікстан астанасында «Қазақстан медицинасы күндері» аясында академик Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының жетекші травматолог-ортопедтері «Истиклол» кешенінде күрделі хирургиялық оталар жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Күннің ең күрделі оталарының бірі – 13 жасар жасөспірімге IV дәрежелі сколиозды түзету болды. Оны тәжік әріптестерімен бірлесіп, ҰТОҒО омыртқа патологиясы орталығының директоры Сейдалы Әбдалиев пен омыртқа жарақаты бөлімшесінің меңгерушісі Мұрат Байдарбеков жасады.

Тағы бір күрделі ота жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 37 жастағы ер адамға жасалды. Оған ауыр аралас жарақат диагнозы қойылды: жамбас сүйектерінің зақымдануы, сол жақ сан сүйегі басының орталық шығуы, оң жіліншіктің сынуы және оң аяқ табанының таран сүйегінің шығуы.

«Өмірлік көрсеткіштер бойынша таран сүйегінің шығуын қалпына келтіру және оң жіліншіктің остеосинтезі жасалды. Отаны Қайрат Тажин әріптестерімен бірге жасады», – делінген хабарламада.

Оталардан бөлек, қазақстандық хирургтар жергілікті пациенттерді омыртқа аурулары мен жарақат салдарынан, сондай-ақ ортопедиялық патологиясы бар адамдарды қабылдады. Бір күнде дәрігерлер стационарда 23 пациентті қарап, 67 адамға кеңес берді.

Бұған дейін Тәжікстанға кардиология, онкология, акушерлік-гинекология, педиатрия және травматология салаларындағы республикалық орталықтардың қазақстандық дәрігерлері келгені хабарланған болатын. Душанбедегі Қазақстан медицинасы күндері аясында отандық мамандар бірлескен оталар мен шеберлік сабақтарын өткізеді.