Қазақстандық онкоурологтар тәжік әріптестерімен жоғары технологиялық лапароскопиялық операцияларды жасау тәжірибесімен бөлісті. Душанбедегі Республикалық онкоорталығында бірқатар шеберлік сабақтары мен операциялар өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазҒЗИОиР) хабарлауынша, Онкоурология орталығының жетекшісі Хусан Ұмырзақов тәжік мамандарына практикалық шеберлік сабағын өткізді. Ол дәрісінде онкоурологиядағы заманауи аз инвазивті әдістер туралы айтып, институттың лапароскопиялық технологияларды қолдану тәжірибесін таныстырды.
Шеберлік сабағының маңызды бөлігі операция бөлмесіндегі жұмыс болды. Тәжік әріптестерімен бірге бүйрек, бүйрек үсті безі және қуыққа лапароскопиялық операциялар жасалды. Сонымен қатар, іс-шара аясында күрделі жағдайдағы пациенттерге консультациялар өткізілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай форматтағы шеберлік сабағы Душанбедегі әріптестерге қатты ұнады, өйткені ол заманауи хирургиялық әдістер мен тәсілдерді талқылауға ғана емес, олардың практикада қолданылуын көруге мүмкіндік берді.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, операциядан кейін барлық пациенттердің жағдайы қанағаттанарлық, олар жергілікті дәрігерлердің бақылауында.
Бұған дейін қазақстандық хирургтар Душанбеде IV дәрежелі сколиозбен ауыратын 13 жасар балаға және жол апатынан ауыр жарақат алған 37 жастағы ер адамға операция жасағаны хабарланған болатын. Сондай-ақ, тәжірибе алмасу аясында отандық мамандар күрделі диагнозы бар пациенттерге 70-ке жуық консультация өткізген.


