Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» ветеринарлық бақылау бекетінде жалпы салмағы 107 тонна өнімді заңсыз әкелуге жасалған екі әрекеттің жолы кесілді. Жүк Чешен Республикасы мен Беларусь Республикасынан келген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, алғашқы бұзушылық Чешен Республикасынан Түркістан облысы мен Шымкент қаласына бағытталған 88 тонна бидай кебегіне қатысты болды. «Тексеру барысында ветеринарлық ілеспе құжаттар мен таңбалаудың жоқтығы, сондай-ақ өнімнің қажетті термиялық өңдеуден өтпегені анықталды», — деп нақтылады ведомство.
Екінші жағдай — Беларусь Республикасының Минск облысынан Ташкентке бара жатқан 19 тонна сүйексіз сиыр еті мен ет жартылай фабрикаттарының транзиті тоқтатылды.
Министрлік еске салғандай, қолайсыз эпизоотиялық жағдайға байланысты 2026 жылғы 24 ақпаннан бастап Ресей Федерациясының жекелеген облыстары арқылы тиісті өнімді әкелуге және транзиттеуге уақытша шектеулер қолданылып келеді.
«Салмағы 107 тонна болатын барлық өнім жөнелту пункттеріне қайтарылды. Тасымалдаушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ ЕАЭО-ның ветеринарлық-санитарлық талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді», — деп қосты ведомство.
Айта кетейік, жыл басынан бері «Сырым» бекетінде 230 бұзушылық анықталып, 230 автокөлік қайтарылды, жалпы сомасы 8,9 млн теңге айыппұлға 100 әкімшілік хаттама толтырылды.


