Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдап, ведомствоның 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмысы туралы баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды infohub.kz.
Алты ай ішінде ҚМА 496 қылмыстық істі тергеп аяқтады. Зардап шеккендерге 22,6 млрд теңге көлеміндегі зиян өтелді. Сондай-ақ төртеуі трансұлттық болған жеті қылмыстық топтың жолы кесілді.
Ведомство мәліметінше, айналымы 176 млрд теңгеден асатын заңсыз қолма-қол ақша айырбастаудың 44 желісі, сондай-ақ есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен кірістерді жылыстатуға пайдаланылған 12 көлеңкелі криптоайырбастау пункті жойылды. Сонымен қатар 36 дропперлік ұяшық анықталды. Олардың шоттары арқылы 113 млрд теңгеге операциялар жүргізілген.
ТМД елдері арасында алғаш рет байланыс операторларының жұмысына еліктейтін арнайы жабдықты пайдалану сұлбасы ашылды. Қылмыскерлер бұқаралық фишингтік хабарламалар жіберіп, азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізуге тырысқан.
ҚМА бюджет шығыстарына ерекше назар аударды. Ведомство 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша 279 млрд теңге көлеміндегі негізсіз шығыстардың алдын алды. Сондай-ақ қызметкерлер ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде 10 млрд теңгені жымқыру қаупін және 140 мың адамды жеке клиникаларға жалған тіркеу арқылы МӘМС-тен заңсыз ақша алу сұлбасын анықтады.
Жарты жыл ішінде ҚМА заңсыз құмар ойын бизнесінің белгілері бар тоғыз мың сайт пен аккаунтқа кіруді бұғаттады, 2,3 мың алаяқтық ресурс пен аудиториясы 35 мың адамнан асатын 25 топтық чаттың жұмысын тоқтатты. Кездесу қорытындысы бойынша Тоқаев Агенттікке жаңа тапсырмалар берді.


