Қазақстанның Әділет министрлігі отандық телеарналар мен радиостанциялардың өкілдеріне құқықтарды ұжымдық басқару саласындағы Бірыңғай цифрлық платформаны (БЦП) таныстырды. Ведомство жүйенің негізгі мүмкіндіктерін авторлық және сабақтас құқықтарға арналған дөңгелек үстел барысында көрсетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кездесу аясында қатысушылар қазақстандық заңнаманың негізгі нормаларын, сондай-ақ оларды қолданудың практикалық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар қолданыстағы нормаларды қалай орындау керектігі және осы саладағы құқықтық реттеуді қай бағытта одан әрі дамыту қажеттігі туралы пікір алмасты.
Авторлық құқықтарды қорғау жөніндегі басты ұйымдардың бірі — БҰҰ-ның бөлімшесі ретінде авторлық құқықтарды сақтау саясатын жүргізетін ДДҰ — Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы.
Өз өкілеттігі шегінде бұл ведомство әртүрлі елдерді зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияларға, атап айтқанда, авторлық құқық саласындағы конвенцияларға қосылуға шақырады. Қазақстан осындай барлық конвенцияларға қосылды, бұл біздің «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңымыздың авторлық құқықтың халықаралық қағидаттары мен нормаларына сәйкес келетінін білдіреді.
Бұған дейін Қазақстанда орындаушылардың құқықтарын қорғау үшін Бірыңғай цифрлық платформа құру ұсынылған болатын. Әрбір жергілікті музыканттың жеке кабинеті болады, онда олар өз әндерінің қайда және қанша рет ойнатылғанын онлайн бақылай алады деп уәде етілген еді.


