10-20 тамыз аралығында Қазақстан азаматтығын алуға үміткерлер арнайы тест тапсыруға өтінім бере алады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығында хабарлады, деп хабарлайды infohub.kz.
Өтінім ведомствоның ресми сайты немесе UTO қосымшасы арқылы қабылданады. Тестілеудің өзі 22 тамызда өтеді.
Емтихан үш блоктан тұрады: қазақ тілі — 30 тапсырма, өту балы — 15; Қазақстан Конституциясының негіздері — 40 тапсырма, өту балы — 20; Қазақстан тарихы — 30 тапсырма, өту балы — 15. Конституция және Қазақстан тарихы бойынша тесттерді қазақ немесе орыс тілінде тапсыруға болады.
Ең жоғары балл — 100. Сәтті өту үшін кемінде 50 балл жинау қажет. Тапсырмаларды орындауға 2 сағат 10 минут беріледі. Мүгедектігі бар адамдарға қосымша 30 минут қарастырылған. Қатысу құны — 14 693 теңге.
Тестілеу туралы толық ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының сайтында «Азаматтыққа үміткерлерге» бөлімінде орналасқан. Дайындық үшін ақылы сынақ тестілеу де қолжетімді. Оның құны — 3 355 теңге, оны app.testcenter.kz сайтындағы «Сынақ тестілеу» бөлімінде тапсыруға болады.
Бұған дейін «Курсив» шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанға кіруге ақылы электронды рұқсат беру жоспарланып жатқанын жазған.


