Венгрияда «Имре Пойяк, Янош Варга және Иштван Козма мемориалы» атты беделді күрес турнирі басталды. Кілемге алдымен еркін күрес балуандары шықты. Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс және төрт қола – барлығы алты жүлдеге ие болды, деп хабарлайды infohub.kz.
61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтынды Асыл Айтакын жеңіп алды. Финалда ол түрік балуаны Толга Өзбекпен кездесті. Жекпе-жек 2:2 есебімен тең аяқталды, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша жеңіс қазақстандыққа берілді. Күміс жүлде Нұрқожа Қайпановқа бұйырды (74 келіге дейін). Финалда ол қытайлық Фэн Лумен күресті, жекпе-жек тағы да тең аяқталды – 3:3. Алайда соңғы нәтижелі әрекет ережесі бойынша алтын қарсыласына кетті.
Қола жүлдегерлер: Нұрданат Айтанов пен Мейрамбек Қартбай (57 келіге дейін), Әділет Алмұхамедов (61 келіге дейін) және Начын Куулар (65 келіге дейін).
Тұғырға көтеріле алмағандар: Мерей Базарбаев (57 келіге дейін), Асылжан Есенгелді (61 келіге дейін), Әділ Оспанов пен Осімжан Дастанбек (65 келіге дейін), Майыс Әлиев, Олжас Олжақанов пен Санжар Досжанов (70 келіге дейін), Дархан Есенғали мен Қуандық Шалдар (74 келіге дейін), Абылайхан Үзембаев, Болат Сақаев пен Рүстем Мырзағалиев (86 келіге дейін).
«Имре Пойяк, Янош Варга және Иштван Козма мемориалы» турнирі Будапеште 15-19 шілде аралығында өтуде. Барлығы 30 жүлде жиынтығы ойнатылады: грек-рим, еркін және әйелдер күресінен он-оннан.


