Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктеріне ұйымдастырылған турлар үшін туркодтар қайта беріле бастады. Шектеу 28 ақпанда, Таяу Шығыстағы жағдай ушыққан кезде енгізілген болатын, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Туристік Қамқор» корпоративтік қорының NUR.KZ тілшісіне мәлімдеуінше, қазіргі таңда сыртқы туризм саласында азаматтардың құқықтарын кепілдендіру жүйесі тарапынан БАӘ-ге ұйымдастырылған турлар үшін туркодтар беруге қойылған шектеу алынды.
«Жағдай тұрақталып, туристер үшін тәуекелдер азайған сайын БАӘ бағыты бойынша туркодтар беру қалпына келтірілді және қалыпты режимде жалғасуда. Кепілдендіру жүйесіне қатысатын туроператорлар Әмірліктерге ұйымдастырылған турларды сатып алған туристерге туркодтарды рәсімдей алады. БАӘ-мен туристік қатынастың қалпына келгенінің тағы бір дәлелі — тұрақты әуе қатынасының қайта жандануы. Мәселен, Air Astana әуекомпаниясы 2026 жылғы 2 қазаннан бастап Дубайға тұрақты рейстерін қайта бастайды», — деп хабарлады қорда.
Қорда 28 ақпанда Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты «Туристік Қамқор» өңірдегі бірқатар елге турлар бойынша туркодтар беруді уақытша тоқтатқанын еске салды.
«Біз үшін туристердің қауіпсіздігі мен туристік нарықтың толыққанды жұмыс істеу мүмкіндігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау аса маңызды. Шектеулер тәуекелдер жоғары кезеңдерде алдын алу шарасы ретінде енгізіледі және жағдай талап еткеннен ұзақ сақталмауы тиіс. Біздің міндетіміз — өзгерістерге жедел ден қойып, сонымен бірге туристерге кепілдендіру жүйесінің қорғау тетіктерін пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету», — деді «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрайымы Инна Рей.
Қорда «Туристік Қамқор» өңірдегі жағдайды бақылауды жалғастыратынын және туристерге шетелге сапар жоспарлағанда мемлекеттік органдар мен әуекомпаниялардың өзекті ұсынымдарын ескеру қажеттігін еске салатынын қосты.
Еске салайық, қыркүйектің ортасында Air Astana әуекомпаниясы қазаннан бастап Алматы мен Астанадан Дубайға тұрақты рейстерін қайта бастайтынын жариялаған болатын. Ұшу жиілігі бір ай ішінде біртіндеп арттырылады.


