Қазақстан ұлттық құрамасының грек-рим күресінен өкілдері Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының медаль сайыстарына шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қола жүлде үшін Мейіржан Шермаханбет пен Шамиль Ожаев күреседі. 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Шермаханбет жартылай финалда Жапония өкілі Кётаро Согабэмен кездесіп, алаң иесіне 0:8 есебімен жол берді — жапон балуаны техникалық басымдық арқылы мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Жеңіліске қарамастан, қазақстандық жүлде үшін күресін жалғастырады. Бүгін үшінші орын үшін өтетін белдесуде оның қарсыласы Моңғолия өкілі Ганбаяр Намсрай болады.

Тағы бір қазақстандық Шамиль Ожаев 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Жартылай финалда ол Қырғызстанның Асан Жанышовымен кездесіп, белдесу қырғызстандық спортшының 6:1 есебімен жеңісімен аяқталды.

Енді Ожаев та Азиаданың қола медалі үшін күреседі. Үшінші орын үшін шешуші белдесуде қазақстандыққа Өзбекстанның Жалғасбай Бердімұратов қарсы тұрады.

Шермаханбет пен Ожаевтың қатысуымен өтетін медаль сайыстары Nagoya City Inae Sports Center-де өтеді.

Сондай-ақ, бұл күні Қазақстанның басқа да өкілдері жұбаныш белдесулері арқылы қола жүлде үшін күресті жалғастырды. Олжас Сырлыбай 130 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде оңтүстіккореялық Ким Мин Сокқа 1:6 есебімен жол берсе, Жамиля Бакбергенова 68 келіге дейінгі салмақта Моңғолия өкілі Делгермаа Энхсайханға 0:6 есебімен ұтылды. Осылайша, олар турнирдегі өнерлерін аяқтады.