Венгрия астанасы Будапеште халықаралық рейтингтік турнир аясында еркін күрестен жарыстар мәреге жетті, деп хабарлайды infohub.kz.
Қорытынды күні Қазақстан құрамасы бір медальмен көзге түсті. Ең жоғарғы сатыға 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Едіге Қасымбек көтерілді. Финалда отандық балуан поляк Кәмиль Томаш Косьчолекті жеңді.
Осылайша, қазақстандық құрама турнирді жеті жүлдемен аяқтады. Бұған дейін Асыл Айтакын (61 келіге дейін) алтын алған болатын. Нұрқожа Қайпанов (74 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Үшінші орынды Әділет Алмұхамедов (61 келіге дейін), Нұрданат Айтанов, Мейрамбек Қартбай (57 келіге дейін) және Начын Куулар (65 келіге дейін) иеленді.
Айта кетейік, Будапеште әйелдер күресінен де жарыстар басталды. Алғашқы күні Зейнеп Баянова (50 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.


