Қазақстандық балуан Дінмұхамед Қошқар Будапеште өтіп жатқан халықаралық рейтингтік күрес турнирінде қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Грек-рим күресінің өкілі 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қола жүлде үшін белдесуде Қошқар армян спортшысы Славик Галстянды сенімді түрде ұтып, беделді бәсекеде тұғырға көтерілді.

Әйелдер күресінде қазақстандық спортшылар жүлделі орындарға іліге алмады. Алтын Шағаева (59 келіге дейін) қола медаль үшін белдесуде Норвегия өкілі Отелиа Хёйеден жеңілді. Ирина Кузнецова (62 келіге дейін) де жүлдеге бір қадам қалғанда үндістандық Савитадан ұтылып қалды.

Бүгін, 18 шілдеде, турнирде әйелдер күресі бойынша қалған жүлделердің иелері анықталады. Грек-рим күресінен 72 келі және 87 келі салмақ дәрежесіндегі балуандар кілемге шығады.