Қазақстанның ірі банктері қолма-қол ресей рублін қабылдау үшін комиссияны күрт көтерді. Операция сомасына қарай алым 10–15% жетеді. Ал халықтың ресей валютасына қызығушылығы төмендеп келеді, деп хабарлайды infohub.kz.

Halyk Bank 28 шілдеден бастап қолма-қол рубль салғанда жаңа шарттарды қолдана бастады. Енді комиссия операция сомасының 15% құрайды, бірақ 10 мың теңгеден кем емес.

Банк ЦентрКредит те осындай өзгерістер енгізеді. 12 тамыздан бастап жеке тұлғалардың ағымдағы және жинақ шоттарын қолма-қол рубльмен толтыру кезінде, оның ішінде банкоматтар мен терминалдар арқылы, банк 10% комиссия ұстайды.

2026 жылғы маусымда айырбас пункттері халықтан сатқанынан 17,5 млрд теңгеге көп ресей рублін сатып алды. Осыған қарамастан, ресей валютасының таза ұсыныс көлемі бір айда 42%-ға, ал өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 57%-ға азайды.

Қазақстанның 12 өңірінің тұрғындары қолма-қол рубльді сатып алғаннан гөрі жиі тапсырады. Бұл үрдіске Астана мен Алматы негізгі үлес қосады – оларға теріс таза сұраныстың 71% тиесілі.

Ал сегіз өңірде ресей валютасына сұраныс әлі де ұсыныстан асып түседі. Ең көп таза рубль сатып алу Қарағанды облысында тіркелді – шамамен 1 млрд теңге.

Бұған дейін экономист Арман Бейсембаев «Курсивке» берген сұхбатында теңгенің рубль мен долларға қатысты нығаю себептерін түсіндірді, бұл үрдіс қанша уақытқа созылуы мүмкін екенін айтты, сондай-ақ қазір валютаны сатып алу немесе сату керек пе деген пікірімен бөлісті.