2024 жылғы 1 қазаннан бастап қазақстандық банктер онлайн-несие бермес бұрын клиенттеріне сауалнама жүргізеді. Мақсаты — адам алаяқтардың ықпалымен әрекет етіп жүрмегенін анықтау. Тиісті нормалар банк қызметін жүзеге асыру шарттарына қойылатын талаптарда қарастырылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңашылдық телефон алаяқтығының кең тараған схемасына байланысты қажет болды. Қылмыскерлер көбінесе өздерін «банк менеджері», «полиция» немесе «қауіпсіздік қызметі» ретінде таныстырып, құрбандарды қорқытып, түрлі сылтаумен несие рәсімдатуға мәжбүрлейді. Соның салдарынан адам несие алып, ақшаны алаяқтарға немесе дропперлерге тиесілі «қауіпсіз шотқа» аударып береді. Ресми түрде азамат несиені өзі рәсімдейді, бірақ іс жүзінде қысыммен, біреудің нұсқауымен әрекет етеді.
Жаңа сауалнама осындай жағдайларды анықтауға арналған. Қарыз алушыларға бар-жоғы жеті сұрақ қойылады: несиені кім ұсынды; адам банкке өзі келді ме, әлде басқалардың (қауіпсіздік қызметінің, құқық қорғау органдарының, белгісіз тұлғалардың және басқалардың) өтінішімен келді ме; несие қандай мақсатта рәсімделеді; клиент несие шарттарымен (сомасы, мерзімі, пайыздық мөлшерлемесі, өтеу кестесі) танысты ма; біреу қысым көрсетіп немесе рәсімдеуді асықтырып жатқан жоқ па; несие рәсімдалғанын банк қызметкерлерінен немесе туыстарынан жасыруға кеңес берді ме; бұрын «ақшаны қорғау» немесе «шоттағы операцияларды тексеру» туралы қоңыраулар түсті ме.
«Шотты тексеру үшін», «қауіпсіз шотқа аудару үшін», «шұғыл рәсімдеу», «ешкімге айтпау» деген жауаптар банк үшін «қызыл жалаушаларға» айналады. Егер сауалнама алаяқтық немесе үшінші тұлғалардың ықпалы белгілерін көрсетсе, банк қосымша тексеру жүргізіп, клиентке тәуекелдерді түсіндіреді, содан кейін бір шешім қабылдай алады: несие беру, мән-жай анықталғанша рәсімдеуді тоқтата тұру немесе беруден бас тарту.
Осылайша, сауалнама арқылы банк қарыз алушыға ыңғайсыз сұрақтар қойып, жағдай күдікті көрінген жерде ақша бермей, клиентті алаяқтық несиеден қорғай алады.


