Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан құрамасы бір күнде екі медальға қол жеткізді — боксшы мен таеквондошы қыз жүлдегер атанды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Марал Төлепберген 54 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде бокс турнирінің жартылай финалында өнер көрсетті. Қазақстандық спортшы өзбекстандық Сабрина Чакамоновадан төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіліс тапты. Үшінші орын үшін жекпе-жек регламентте қарастырылмағандықтан, Төлепбергенге қола медаль бұйырды.

Ал екінші қазақстандық боксшы Бибарыс Аширбай (70 килограмға дейін) сәрсенбі күні жартылай финалда жеңіске жетті. Ол төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен мексикалық Хорхе Луис Ньеблас Гутьерресті ұтып, жасөспірімдер Олимпиадасының кемінде күміс медалін қамтамасыз етті.

Сондай-ақ бокс турнирінің финалына Ақнұр Тұрсынғали (57 килограмға дейін) шықты. Жартылай финалда ол украиналық Евангелина Петрукті 4:1 есебімен жеңді.

Төлепбергеннен бөлек, Қазақстан құрамасына тағы бір қола медальді таеквондошы Любовь Юн (63 килограмнан жоғары) әкелді. Ол жартылай финалға дейін жетіп, сербиялық Эма Зечировичке жол берді. Бұл нәтиже Юнға пьедесталдың үшінші сатысына көтерілуге мүмкіндік берді.

Осылайша, қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының екі алтын және үш қола медалі бар. Жалпы есепте команда 29-орында тұр.