Айти мен Нагояда (Жапония) өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қазақстандық дзюдошы Ажар Асхат күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұлттық құрама сапындағы спортшы 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, финалға шықты. Алтын медаль үшін шешуші белдесуде қазақстандық татами қожайыны — жапониялық Рин Маэдамен кездесті.

Финалдық белдесу Aichi International Arena татамиінде өтті. Жапониялық спортшы белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады: Маэда 1 минут 18 секундта иппонмен жеңіске жетті. Оған дейін ол «юко» бағасын да алған болатын.

Осылайша, Асхат екінші орынды иеленіп, Қазақстан құрамасына Азия ойындары-2026-ның күміс жүлдесін сыйлады.

Айта кетейік, дәл осы жарыс күні ерлер арасындағы дзюдо турнирінде тағы бір қазақстандық спортшы медаль алды. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әділет Алмат та финалда жапониялық Сотаро Фудзивараға жол беріп, күміс жүлдегер атанды.