Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) жаңартылған әлемдік рейтингті жариялады. Онда Қазақстан құрамасының бірқатар өкілі өз орнын жақсартты. Ең үлкен ілгерілеушілікке 66 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсетін Нұрқанат Серікбаев қол жеткізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Хорватиядағы Гран-при сериясы турнирінде жеңіске жеткен соң қазақ дзюдошысы бірден алты сатыға көтеріліп, әлемнің үздік он спортшысының қатарына алғаш рет енді. Енді Серікбаев 2748 рейтингтік ұпаймен оныншы орында тұр.
Осы салмақ дәрежесіндегі әлемдік рейтингтің көшбасшысы — 5200 ұпай жинаған жапондық Хифуми Абэ. Екінші орында оның отандасы Такеши Такеока (5000), үздік үштікті тәжікстандық Нурали Эмомали (4400) түйіндеп отыр.
Басқа да қазақ дзюдошыларының рейтингінде оң өзгерістер байқалды. 60 килоға дейінгі салмақта сынға түсетін Аман Бақытжан үш сатыға көтеріліп, 2145 ұпаймен 22-орынға жайғасты.
Әйелдер рейтингінде Галия Тыңбаева (48 кг дейін) бірден 13 сатыға секіріп, 1141 ұпаймен 38-орыннан көрінді. Айта кетейік, Бақытжан мен Тыңбаева Хорватиядағы жақында өткен Гран-приде күміс медаль жеңіп алған болатын.


