Қазақстандық жүк көлігі жүргізушісі Иван Чекулаев Грузияда 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның дәрі қобдишасында болған ауырсынуды басатын дәрі себеп болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ер адам сәуір айында грузиннің Поти портында ұсталған. Ол арқасы қатты ауырғандықтан, қасында күшті әсер ететін ауырсынуды басатын дәрі алып жүрген. Грузияда бұл дәрі психотроптық және есірткі заттарына теңестірілгендіктен, 44 жастағы жүргізуші тұтқындалған.
Жұбайының айтуынша, арқа ауруына қарсы дәріні күйеуіне Германияда дәрігер тағайындаған, бірақ рецепт қасында болмаған. Отбасы жарты жыл бойы оны босатуға тырысқан. Жүргізушінің әйелі грузин дәрігерлерінің күйеуінің ауруына күмәнданбайтынын айтады: қамауда ол нейрохирургтан ем қабылдап жүр. Бірақ бұл ақтау үкіміне қол жеткізуге көмектеспеді.
«Не үшін? Адам жұмыс істегені үшін; отбасын асырағаны үшін; үйіне келе жатқаны үшін; ауырғаны үшін оны 16 жылға соттайды. Мұнымен қалай өмір сүруге болатынын білмеймін. Балаларға қалай түсіндіретінімді білмеймін. Кіші бала әлі бұл туралы білмейді. Әкесі... Әкесі кәдімгі кезекті рейске кеткенде, 16 жылдан кейін ғана үйде болады деп қалай айтамын», — дейді ер адамның әйелі Юлия Чекулаева.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Грузиядағы елшілігі Иван Чекулаевқа консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын хабарлаған. Қызметкерлер ер адамды ұстау орнында көріп, сот отырыстарына қатысып, адвокат іздеуге жәрдемдесіп, оның туыстарымен байланыста болды. Дипломаттар қазақстандыққа консулдық-құқықтық көмекті жалғастырады.


