2026 жылдың шілдесінен бастап Қазақстан азаматтары Индонезияға визасыз кіріп, онда 30 күнге дейін бола алады. Сапар үшін ұлттық паспорт пен электрондық декларация жеткілікті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тиісті шешімді Индонезияның Сыртқы істер министрлігі қабылдады. Визасыз режим өзара негізде әрекет етеді: бұған дейін Қазақстан Индонезия азаматтарына елімізге визасыз кіріп, аумағында 30 күнге дейін болу мүмкіндігін берген.

«Визасыз кіру туралы шешім қабылдаған кезде индонезиялық тарап өзаралық қағидатын да ескерді. Қазақстан бұған дейін Индонезия азаматтарына елімізге визасыз кіріп, 30 күнге дейін болу құқығын берген. Осылайша, екі елдің ұлттық паспорт иелері үшін 30 күнге дейінгі мерзімге визасыз режимдер қолданылады. Индонезиялық тарап белгілеген шарттар бойынша визасыз режим тегін және бір реттік кіруді көздейді. Ең ұзақ болу мерзімі келген күннен бастап 30 күнді құрайды», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар азаматтар Индонезияға кіру кезінде қолданылатын жалпы талаптарды ескеруі керек. «2025 жылдың 1 қазанынан бастап шетелден келген барлық жолаушы «All Indonesia» бірыңғай электрондық декларациясын толтыруға міндетті. Декларация тегін толтырылады және оны алдын ала рәсімдеуге болады», — деп қосты ведомство.

Бұған дейін Индонезия парламенті шетелдіктерге бақылауды күшейтуге шақырғаны хабарланған.