Бангкокта (Тайланд) су спорты түрлерінен Азия чемпионаты басталды. Осы жарыста Қазақстан құрамасы тұңғыш медалін жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz.
Қазақстандық спортшы Виктор Друзин көркем жүзуден Азия чемпионатының алтын медалін иеленіп, қатарынан екінші рет құрлық біріншілігінің жеңімпазы атанды.
Техникалық соло бағдарламасында Друзин 231,8550 балл жинап, бірінші орынға ие болды және осы пән бойынша Азияның үздік спортшысы мәртебесін растады.
Күміс пен қола медальдар Қытай мен Тайланд өкілдеріне бұйырды.
Еске салайық, Виктор Друзин өткен жылы да Азия чемпионатында жеңіске жеткен болатын. Осылайша, бүгінгі жетістік ол үшін құрлық деңгейіндегі екінші қатарынан табыс болды.


