Венгрия астанасы Будапеште күрес түрлерінен халықаралық рейтингтік турнир басталды. Оған Қазақстан құрамасы қатысуда. Бірінші жарыс күні еркін күрестің алты салмақ дәрежесінде медальдар ойнатылды. Қорытындысында қазақстандық балуандар алты жүлдеге ие болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алтын медальді Асыл Айтақын жеңіп алды. 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалда ол түрік спортшысы Толға Озбекті жеңді. Осы салмақта тағы бір қазақстандық Әділет Алмұхамедов қола медальға ие болды.

74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов финалға дейін жетті. Шешуші белдесуде ол қытайлық Фэн Луға жол беріп, күміс жүлдегер атанды.

57 келіге дейінгі салмақта Нұрданат Айтанов пен Мейрамбек Қартбай, 65 келіге дейінгі салмақта Начын Куулар қола медаль иегерлері атанды.

Бүгін, 16 шілдеде, кілемге 79, 92, 97 және 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі еркін күресшілер шығады. Сонымен қатар, әйелдер күресінің өкілдері де турнирді бастайды.

Біздің Telegram-арнамыз @sportnurkz-ға жазылыңыз. Мұнда сіз спорттың ең жаңа жаңалықтарын таба аласыз.