Қазақстан Қытай Халық Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Даму банкін құру бастамасын ресми түрде қолдады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz.

Мемлекет басшысы әріптестері алдында сөйлеп, ұйым аясында толыққанды инвестициялық контур қалыптастыру қажеттігін атап өтті. «Шанхай ондығы» елдерінің өзара тауар айналымы 1 триллион долларға жақындағанына қарамастан, экономикалық өзара байланыс әлеуеті толық ашылмаған.

Мамандандырылған қаржы институтының іске қосылуы мүше елдердің уағдаластықтарын нақты өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларға айналдыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру бастамасын қолдайды. Бұл банктің ресурстарын ең алдымен инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларға бағыттаған жөн деп санаймыз. Ал мүше мемлекеттердің ортақ келісімі болған жағдайда, Қазақстан бұл институтты, оның штаб-пәтерін өз елінде қабылдай алар еді», — деді ол.

Даму банкін іске қосудан бөлек, Қазақстан Президенті пилоттық индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынды. Бұл формат елдерге ұйымның барлық мүшелері қосылғанша күтпей-ақ, дайындығына қарай бірлескен экономикалық жобаларды бастауға, ал табысты бастамаларды кейін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, болашақ банк жұмысын жандандырудағы маңызды қадам — қолданыстағы шекара маңы ынтымақтастық орталықтарының базасында трансшекаралық сауда аймақтарын құру. Бұл жеңілдетілген тауар алмасуды, цифрлық рәсімдерді және өзара есеп айырысудың заманауи тетіктерін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.