2026 жылдың сегіз айында Қазақстан мен Ресейдің Ленинград облысы арасындағы тауар айналымы 2,5%-ға өсіп, 257,9 млн долларға жетті. Экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко талқылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты ҚР үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар бірлескен өндірістерді іске қосуды, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды және қазақстандық жүктерді ресейлік порттар арқылы тасымалдауды кеңейтуді қарастырды. Кездесуге қатысушылар басым бағыттың бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешенді атады.

Қазақстан сүтті мал шаруашылығы, селекция, азық-түлік өндірісі және ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу салаларындағы бірлескен жобаларға мүдделі. Тараптардың пікірінше, Ленинград облысының осы салалардағы тәжірибесі кооперацияны кеңейтуге және өнімді қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға көмектесуі мүмкін.

Сондай-ақ өнеркәсіптік ынтымақтастық пен өндірістерді жергіліктендіру мүмкіндіктері жеке қарастырылды. Әлеуетті бағыттарға машина жасау, химия өнеркәсібі, жабдықтар мен құрылыс материалдарын шығару кіреді. Минералды тыңайтқыштар өндіруге арналған шикізат жеткізу және Жамбыл облысында заманауи органикалық тыңайтқыштар шығару жобасы да талқыланды.

Тағы бір тақырып — қазақстандық жүктерді тасымалдау болды. Ленинград облысы өз порттары арқылы жүк тасымалдауға ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға мүдделі. Тараптар теміржол транзитін және жүк тасымалының тұрақтылығын арттыруды да талқылады.

Сонымен қатар Қазақстан мен ресейлік өңір атом саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын, оның ішінде бейінді мамандар даярлауды қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин келіссөздерден практикалық нәтижелерге көшу қажеттігін атап өтіп, екі тараптың кәсіпорындары арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруды ұсынды.