2026 жылдан бастап қазақстандық мектептерде оқушылардың білімін бағалау тәсілі өзгереді. Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптардағы дәстүрлі БЖБ мен ТЖБ-дан бас тартуды көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жобаға сәйкес, 2–4 сынып оқушылары үшін бөлім мен тоқсан бойынша жиынтық бағалаудың орнына қалыптастырушы бағалау, сондай-ақ тақырыптық және қорытынды бақылау жұмыстары енгізіледі. Бұл оқушылардың үлгерімін неғұрлым икемді бағалауға және стресстік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

5–11 (12) сынып оқушылары үшін әдеттегі жүйе сақталады: білім сабақтағы күнделікті жұмыс және жиынтық бағалау (БЖБ мен ТЖБ) арқылы тексеріледі. Құжатта тоқсандық бағалар бағалау нәтижелерінің негізінде қойылатыны атап көрсетілген, бұл оқу жетістіктерін бағалаудың объективтілігін қамтамасыз етеді.

Оқу-ағарту министрлігі жаңа ережелер бағалау жүйесін неғұрлым ашық әрі объективті етеді деп есептейді. Бұйрық жобасы 2026 жылдың 21 тамызына дейін талқылауда болады.

Бұған дейін ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова қолданыстағы әдістемелердің кемшіліктерін мойындап, әдеттегі бақылау жұмыстарын көбірек енгізетінін айтқан болатын. Сондай-ақ депутаттар мектептерде БЖБ мен ТЖБ-ны енгізгендерді жауапқа шақырғаны хабарланған.