Қазақстандағы «Сырым» ветеринарлық бекетінде Моңғолиядан Тажікістанға бара жатқан 20 тонна мұздатылған қой етін өткізуге жол берілмеді. Транзитке эпизоотиялық ахуалдың нашарлығына байланысты тыйым салынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Анықталғандай, қой етін Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өткізуге жүк жөнелтілген елдегі эпидемиологиялық ахуалдың қолайсыздығына байланысты тыйым салынған.

Сонымен қатар Ресейден Түркістан облысына 40 тонна бидай кебектерін ветеринарлық нормаларды бұза отырып әкелуге әрекет жасалды. Тексеру барысында жүкке ілеспе құжаттардың, таңбалаудың және термиялық өңдеу растамасының жоқтығы анықталды.

«Жүк көліктері жөнелтілген бағытқа қайтарылды. Жүргізушілерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды», — деп нақтылады Ауыл шаруашылығы министрлігінде.

Жалпы 2026 жылдың басынан бері «Сырым» бекетінде 249 бұзушылық анықталып, барлық жүк көлігі кері қайтарылды. 117 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстан Ресейдің шекаралас бірқатар өңірлерінен ет және ет өнімдерін әкелуге уақытша тыйым салғанын жазған болатын. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Қазбек Ташимовтың айтуынша, шектеулер Қазақстан аумағына жануарлардың қауіпті ауруларының таралуын болдырмау үшін енгізіліп отыр. Қазіргі таңда елдегі эпизоотиялық ахуал тұрақты, алайда шекаралас аумақтар бойынша тәуекелдер үнемі бақылауда.