Қазақстан ұшқышсыз ұшақтар шабуылына байланысты уақытша тоқтатылған Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай экспортын қайта бастады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, КҚК жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы тиеу операцияларын қайта бастады. «Қазіргі уақытта КҚК-тің екі сыртқы айлақ құрылғысында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне тиеу жүргізілуде. Екі кеме де «Теңізшевройл» ЖШС мұнайын қабылдап жатыр. Мұнай қабылдаудың қайта басталуы мұнай өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне жеткізуді жалғастыруға және теңіз терминалы арқылы экспорттық операцияларды қайта бастауға мүмкіндік береді», — делінген ведомство хабарламасында.

Теңіз терминалындағы одан әрі операциялар қазіргі жағдайды бағалау және қажетті қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жүргізілетіні атап өтілді. «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен және процестің басқа да қатысушыларымен тұрақты байланыста. Ведомство жағдайды бақылап, қазақстандық мұнайдың одан әрі тасымалдануын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды үйлестіруді жалғастыруда», — деп нақтылады баспасөз қызметі.

Еске салайық, 20 шілдеде КҚК теңіз терминалында тиеу кезінде тұрған «NELSA» танкері тағы да шабуылға ұшырады. Ұшқышсыз ұшақ соққысынан кемеде өрт шықты. Бұған дейін КҚК теңіз терминалына ұшқышсыз ұшақтар шабуыл жасағанын, соның салдарынан мұнай тиеу тоқтатылғанын хабарлаған болатын. 23 шілдеде Энергетика министрлігі Қара теңіз акваториясында кемелердің, экипаждардың қауіпсіздігін және экологияны қамтамасыз ету мақсатында КҚК теңіз терминалында тиеу операцияларын тоқтатқанын мәлімдеді.