Қазақстан ұлттық құрамасының төрт мүшесі де Ташкентте өткен 58-ші Халықаралық химия олимпиадасының (International Chemistry Olympiad, IChO 2026) жүлдегері атанды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алтын медальді Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Айзере Женисханова жеңіп алды. Күміс жүлделерге Абильмансур Кали (Астана, Нұра ауданындағы NIS, 11 сынып), Данил Полетаев (Алматы, №134 лицей, 11 сынып) және Ансар Жаксылыков (Астана, Spectrum International School, 11 сынып) ие болды.

Олимпиада әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден аса мықты оқушыны біріктірді. Байқау екі бес сағаттық кезеңнен – теориялық және практикалық – тұрды. Қатысушылар күрделі химиялық есептерді шығарып, зертханалық жұмыстар орындады. Ұлттық құраманы Оңтүстік Кореяның KAIST университетінің студенті, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Санжар Саматулы Бегдаир, сондай-ақ химия және экономика магистрі, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Ануар Нуртазин дайындады.

Халықаралық химия олимпиадасы әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың бірі саналады. Қазақстан бұл бәсекеге 1998 жылдан бері қатысып келеді және үнемі жоғары нәтиже көрсететін елдер қатарында. Бұған дейін Шымкенттік бір оқушы әлемнің 74 университетінен шақыру алғаны хабарланған болатын.