1 қазанда Калифорниядағы Ванденберг базасынан Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының зымыранымен ғарышқа қазақстандық оқушылар жасаған спутник ұшырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана қаласының Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жасаған NIS PocketQube пикоспутнигі туралы айтылып отыр. НЗМ мәліметінше, аппараттың орбитаға шығуы оқушыларды, ұстаздарды және Қазақстан мен шетелдің ғарыш саласы мамандарын біріктірген көпжылдық білім беру және инженерлік жобаның нәтижесі болды.

Жоба бойынша жұмыс 2019 жылы оқушылар ғарыш технологияларын тек теориялық тұрғыдан ғана емес, нақты ғарыш аппаратымен жұмыс істей алатын білім беру ортасын құру идеясынан басталды. Белсенді кезең 2020 жылы мектепте NIS Space ғарыш зертханасы ашылып, 7–10 сынып оқушыларына арналған «Ғарыш техникасының электроникасы» арнайы курсы іске қосылғанда басталды.

«NIS PocketQube — PocketQube форматындағы аса шағын спутник. Оның өлшемдері 5×5×5 см, салмағы 250 г. Шағын форматқа қарамастан, аппарат борттық басқару, электр қоректендіру және радиобайланыс жүйелерімен, сондай-ақ күн панельдерімен жабдықталған», — деп қосты мектепте.

Жобаны іске асыру барысында NIS PocketQube командасына мектептің 17 оқушысы қатысты, олардың бір бөлігі бүгінде НЗМ түлектері.

«Олар спутникті 3D-модельдеумен айналысып, жабдықтың орналасуын есептеп, электрондық платалармен және SMD-компоненттермен жұмыс істеді, микроконтроллерлерді бағдарламалады, Python тілінде деректерді өңдеу алгоритмдерін әзірледі және аппаратты жердегі сынақтарға дайындауға қатысты. Бірнеше жыл ішінде команда шағын ғарыш аппаратын жасаудың алғашқы сызбалар мен прототиптерден бастап сынақтар мен ұшу үлгісін ұшыруға дайындауға дейінгі толық циклін дерлік өтті. 2022 жылдың желтоқсанында аппарат Ұлттық ғарыш орталығы базасында жердегі термовакуумдық және механикалық сынақтардан өтті», — деп атап өтті НЗМ-де.

Спутниктен алынған мәліметтерді оқушылардың физика, астрономия, бағдарламалау және инженерлік пәндер бойынша зерттеу жобаларында пайдалану жоспарлануда. Ақпаратты қабылдау және өңдеу үшін Қазақстанның барлық өңірлеріндегі оқушыларға спутниктік деректерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін жердегі кешен орнатылады.