Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» ветеринарлық бақылау бекетінде өнім тасымалдау кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталды — жүк көліктері Қазақстан аумағына жіберілмеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Ресейден келген бидай кебектері мен мұздатылған қой етін тасымалдау кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптар сақталмаған.
Бірінші жағдайда Ресей Федерациясының Ульяновск облысынан Түркістан облысына 40 тонна бидай кебегі тасымалданған. Тексеру барысында ветеринариялық ілеспе құжаттардың, өнімнің термиялық өңделуінің және таңбалануының жоқтығы анықталды.
«Тағы бір жағдайда Улан-Батордан (Моңғолия) Душанбеге (Тәжікстан) 20 тонна мұздатылған қой еті тасымалданған. Эпизоотиялық ахуалы нашар болуына байланысты шектеулер енгізілген Ресей Федерациясының аумақтарынан Қазақстан аумағы арқылы осы өнімді транзиттік өткізуге уақытша шектеулер қолданылғаны анықталды», — деді ведомстводан.
Нәтижесінде жүк көліктері жөнелтілген бағытқа қайтарылды. Жүргізушілерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды. Жүк тасымалдаушыларға Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық-санитариялық талаптары түсіндірілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл басынан бері осы бекетте 249 заңбұзушылық анықталғанын қосты: 249 жүк автокөлігі жөнелтілген бағытқа қайтарылды, 117 адамға әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.
Ведомство жүк тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық-санитариялық талаптарын сақтауға шақырды.


