Қазақстан-Ресей шекарасында міндетті ветеринарлық ілеспе құжаттары жоқ тауық жұмыртқасының партиясын әкелу әрекетінің жолы кесілді — барлығы 252 мың дана. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Бұзушылық Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» ветеринарлық бақылау бекетінде анықталды. Көлік Ресейден Байқоңырға қарай келе жатқан.
Тексеру барысында Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы қызметкерлері тасымалданып жатқан партияға қажетті ветеринарлық құжаттардың жоқтығын анықтады.
Бұзушылық фактісі бойынша акт және әкімшілік хаттама толтырылды. 252 мың жұмыртқадан тұратын бүкіл партия Ресейге қайтарылды.
Тасымалдаушыға ветеринарлық заңнама талаптары мен бақылаудағы өнімді мемлекеттік шекара арқылы өткізу ережелері түсіндірілді.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінде бақылаудағы өнімді әкелуді бақылау жалғасатынын атап өтті.
Бұған дейін «Курсив» «Алатау-құс» құс фабрикасы Алматы облысында асыл тұқымды репродуктор салуға 6,5 млрд теңге инвестициялайтынын жазған. Кешен жылына 12 млн инкубациялық жұмыртқа өндіре алады және кәсіпорынның асыл тұқымды материалды шетелден әкелуге тәуелділігін азайтуы тиіс.


