Қазақстанның ерлер семсерлесу құрамасы (шпага) командалық жарыста әлем чемпионатының алтын медалін тұңғыш рет жеңіп алды. Финалда отандық спортшылар Украина командасын жеңді, деп хабарлайды infohub.kz.

Ел намысын Кирилл Проходов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов және Руслан Құрбанов қорғады. Командамен екі жылға жуық уақыттан бері шақырылған украиналық маман Александр Горбачук жұмыс істейді. Ол жетістікке жоғары баға берді: «Финал өте ауыр болды. Шамамен 20 команда – бәрінің деңгейі бірдей, кейде жеңісті бір ғана шаншу шешеді. Кішкентай қателік – команда жеңіс мүмкіндігінен айырылады. Үлкен шоғырлану, жігіттер шыдады. Ауыстырулар болды, Руслан Құрбанов уақытында кіріп, көмектесті. Жігіттер бүгін ерлік жасап, шыдады. Бұл оңай емес, мұндай жеңіс аспаннан түскен жоқ. Бұл – үлкен еңбек, жақсы дайындық, нәтижелі жиындар мен спарринг-серіктестер. Әлем чемпионатын аяқтап, тарихи алтын медаль жеңіп алдық».

Горбачук әлемдік семсерлесуде бәсеке жоғары екенін және жеңістің көрнекті нәтиже екенін атап өтті. «Былтырғы әлем чемпионатында үшінші орын алдық. Осыдан кейін түсінік пайда болды: егер қола ала алсақ, алтын да қолдан келеді. Кез келген медаль – үлкен жетістік, ал алтын ештеңемен салыстыруға келмейді. Мен Жапония құрамасымен 15 жыл жұмыс істедім, олардың олимпиадалық алтын медалі болды, бірақ командалық жарыста әлем чемпионатының алтыны болмады. Мен үшін бұл нәтиже – өмірлік, тарихқа ену. Қазақстан тарих жазып жатыр», – деп баса айтты бапкер.

Ол сондай-ақ жас спортшылар туралы айтты: «Бізде осы жігіттерден бөлек жас шпагашылар бар. Мысалы, Никита Жулинский әлем чемпионаты алдында жарақат алды. Александр Федотов пен Кирилл Павлов бар, олар да жоғары деңгейде семсерлеседі. Олар халықаралық турнирлерде командаға лайық екенін көрсетті. Қазір демаламыз, содан кейін келесі маусымға дайындық басталады. Жігіттер бәсекелестік пен еңбек арқылы осы құрамада болуға лайық екенін дәлелдеуі керек».

Шпагадан әлем чемпионатының алтын медалі – Қазақстан спортының барлық командалық түрлерінің тарихындағы алғашқы жүлде.