Қазақстанның шоколад нарығы әлі де импортқа тәуелді. 2026 жылғы қаңтар-мамыр айларында шетелдік жеткізілімдердің үлесі жалпы ресурстың 60%-ын құрады. Импорттық шоколад бағасының өсуі өнімнің қымбаттауының негізгі факторларының бірі болып отыр, деп хабарлайды infohub.kz.

Импорт Қазақстан нарығын шоколадпен және қантты кондитерлік өнімдермен қамтамасыз етуде әлі де маңызды рөл атқарады. 2026 жылдың қаңтар-мамырында импорттың үлесі 60%-ды құрады, бұл былтырғы 60,5%-бен салыстырғанда шамалы ғана төмендеген. Жалпы ресурс көлемі 97,5 мың тонна болса, оның 58,5 мың тоннасы шетелдік жеткізілімдерге тиесілі.

Отандық өндіріс 14,1%-ға артып, 39 мың тоннаға жеткенімен, оның жалпы ресурстағы үлесі шамамен 40%-да қалып отыр. Бұл нарықтың импортқа тәуелділігі сақталғанын көрсетеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соңғы жылдары импорттың ішкі нарықтағы орны біртіндеп нығайып келеді: 2020 жылы оның үлесі 50,6% болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 61,8%-ға жеткен.

Қазақстанға шоколад пен какао қосылған дайын өнімдердің негізгі жеткізушісі Ресей болып қалады. 2026 жылдың қаңтар-мамырында Ресейдің үлесі импорттың 73,6%-ын құрады. Айта кету керек, бұл өнімдер импорттық шикізаттан өңделген, өйткені какао бұршақтары Ресейде де, Қазақстанда да өндірілмейді. Осылайша, өндірушілер арасындағы бәсеке шетелдік шикізатқа бірдей тәуелділік жағдайында жүреді.

Статистика көрсеткендей, Қазақстанда шоколадтың қымбаттауына ТМД елдерінен импортталатын өнімдердің әсері зор. 2026 жылдың қаңтар-мамырында импорттық шоколад бағасының индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 139,9%-ды құрады. ТМД елдерінен келетін өнімдер бойынша бұл көрсеткіш 143,2%-ға жетсе, басқа мемлекеттерден импорт үшін 93,6%-ды көрсетті. Дәл осы негізгі шетелдік жеткізушілердің бағасының өсуі елдегі шоколад өнімдерінің қымбаттауының басты факторы болып отыр.